"Қазақстан қор биржасы" АҚ (бұдан әрі – Биржа, KASE) 2023 жылдың 17 ақпанында жылдық есептер конкурсының қорытындысы бойынша ұйымдарды марапаттау рәсімін өткізді.
Биржа Қазақстанда қаржылық емес есеп берушілікті дайындау тәжірибесін дамыту мақсатында конкурс өткізді.
Конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысуға өтінім берген Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғаларының 2021 жылға жылдық есептері мен орнықты даму туралы есептеріне бағалау жүргізілді.
Биржа конкурсқа қатысушылардың есептерінің әртүрлі сипаттамаларын бағалауды ескеретін жылдық есептерді бағалау тәртібін әзірледі. Барлығы 150 критерий бойынша бағаланды. Конкурсқа қатысуға қаржы және қаржы емес сектор ұйымдарынан жалпы 23 өтінім берілді.
Байқау аясында негізгі және қосымша номинациялар құрылды.
Негізгі номинациялар
"2021 жылға үздік жылдық есебі" номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды:
- қаржы секторының компаниялары – "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ және "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ;
- қаржылық емес сектордың компаниялары – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ, "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ және "ҚазТрансОйл" АҚ.
"2021 жылға орнықты даму туралы үздік есеп" номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды:
- "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ, "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ және "Алтыналмас АК" АҚ.
Қосымша номинациялар
"2021 жылға жылдық есептің үздік интерактивті нұсқасы" номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды:
- "KEGOC" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ, "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ.
"Жария емес компанияның 2021 жылға үздік жылдық есебі" номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды:
- "Тау-Кен Самұрық" ҰТК" АҚ, "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ және "Samruk-Kazyna Ondeu" ЖШС.
"2021 жылға жылдық есептің үздік дизайны" номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды:
- "KEGOC" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ және "ҚазТрансОйл" АҚ.
KASE 2022 жылдан бастап жылдық есептер конкурсын өткізеді. Жылдық есептерді бағалауды KASE қызметкерлері, сондай-ақ жылдық есептерді бағалау және дайындау саласындағы қазақстандық сарапшылар жүргізді. Бұған дейін аталған байқауды "Эксперт РА Қазақстан" және "QRA" рейтингілік агенттіктері өткізген болатын.
Анықтама үшін
"Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) Орталық Азия өңіріндегі жетекші қор биржасы болып табылады. KASE бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі бойынша ТМД биржалары арасында екінші орында және FEAS биржаларының акциялар нарығын капиталдандыру көлемі бойынша бесінші орында.
Бұл корпоративтік және мемлекеттік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы институттарының облигациялары, шетел валюталары, ақша нарығының операциялары – репо және своп, сондай-ақ туынды құралдар үшін әмбебап сауда алаңы. KASE халықаралық биржалар Федерациясының (WFE), Еуроазиялық қор биржалары Федерациясының (FEAS) және басқа да халықаралық және отандық кәсіби бірлестіктердің мүшесі, сондай-ақ БҰҰ-ның "Қор биржалары тұрақты даму үшін" бастамасының қатысушысы болып табылады.